Әлеуметтену, қоғамға бейімделу, кішкентай сәби бүлдіршіндер үшін бұл кезең қашан және неден басталады екен? Әлбетте, сәбидің бірінші қоғамы – ол отбасы. Десек те нағыз әлеуметтену бүлдіршін үшін балабақша есігін ашқаннан басталады. Өйткені дәл осы жерде сәбидің мүлдем оған бейтаныс адамдармен қарым – қатынас жасау тәжірибесі басталады. Әдеттегідей, бөбекжайымыз биылғы жылы да, мектеп жасына жеткен түлектерін шығарып салып, кішкентай сәбилерге арналған ерте жас тобын ашып жаңадан бүлдіршіндерді қабылдады. Әрине жаңа ортаға бейімделу кішкентай бүлдіршін үшін үлкен сынақ: үйренішті отбасы ортасынан балақай жаңа бейтаныс ортаға түседі. Мұндай өзгерістер баланың мінез – құлқына әсер етіп, ұйқысы, тәбеті бұзылып, іштей күйзеліске де ұшырауы мүмкін. Алайда балабақшаға бейімделу барысы әр балада әр қалай өтетінін білеміз. Сөйтіп, баланың балабақшаға бейімделуі - алғашқы қоғамға әлеуметтенуінің жеңіл өтуі, неге байланысты және ол қаншаға созылады - деген еріксіз сұрақ туындайды. Негізінде, тәжірибеге сүйенсек, жаңа ортаға екі жасқа дейінгі балалардың бейімделуі ауырлау болатыны анық, өйткені бала өз жас ерекшеліктеріне байланысты айналасындағы болып жатқан құбылыстарды әлі түсініп қабылдай алмайды. Ал екі жастан асқан балаларда, бақылаулар бойынша, ізденістік, қызығушылық қабілеттері ояна бастайды, үлкендердің сөзін жақсы түсінеді және олардың екі жасқа дейінгі балалармен салыстырғанда қоршаған ортадан алған тәжірибелері де көбірек. Бірақ та қазіргі таңда, заман талабына сай, бөбекжайлар баланың ерте дамуы және ортаға бейімделуі бағдарламасына бағытталып, бір жастан асқан балалармен жұмыс жүрізуді енгізген. Өйткені дәл осы балғын шағында баланың келісілген қозғалыс дағдылары (моторикасы), көру, есту, тактилді сезіну және сенсорлық қабылдау қабілеттері дамиды. Ең кішкентай тәрбиеленушілеріміздің осы ерекшеліктерін ескере отыра бөбекжайымыз барлық жағдайды жасауға тырысуда. Ұйымдастырылған тәрбие және оқу қызметтері барысында әр баланың қызығушылықтары мен мүмкіншіліктерін ескере отыра жұмыс жүргізіледі. Тәрбиешілер баланың қызығушылығын тұрақтандырып жан – жақты дамыту мақсатында тынымсыз ізденісте, өзіндік шығармашылық дамуда, осы бағыттағы тәжірибелік білімдерін үнемі толықтырып, зерттеп іс жүзінде қолдануда. Тәрбиешілер балалардың дамытушылық орталарын толықтыру мақсатында өз қолдарымен табиғи және қалдық, т.б. материалдардан жасалынған құралдарды үнемі жаңартып, ойын, оқу қызметтеріне пайдаланып балалардың қызығушылықтарын қолдап, арттырып отырады. Атай келсек - бұл сүйікті ертегілер кейіпкерлері, саусақ театры, қимылды ойындар орталығы, т.б. жасандылар. Бұл әрекеттер баланың қоршаған ортаны ойын арқылы қабылдау қабілетін пайдаланып жаңа ортаға тез бейімделуіне айтарлықтай ықпал етеді. Топтағы балалардың ата – аналары мен балабақша арасында да тығыз байланыс орнатылып, тәрбиеленушілеріміздің отбасылары өз балаларының жетістіктеріне үнемі қызығушылықтарын білдіріп, олардың қарым-қатынас жасайтын ортасымен танысып, достарын біліп, әр іс – шараға атсалысып белсенді қатысып отырады. Бүгінгі таңда ерте жастағы балалардың балабақшаға бейімделу кезеңі сәтті аяқталып келеді деп айтуға болады, ол үшін жайлы психологиялық атмосфера құрылып; балалардың құрдастарымен, педагогтармен, ата-аналарымен қарымқатынасы нығайып, ойын, басқа да ортаға бейімделуге қажетті дағдыларын күнделікті дамытып, белсенділіктерін, қызығушылықтарын тұрақтандыру үшін жұмыс жүргізілуде. Баланың ерте жастан бейімделу бағытындағы жұмыс барысында балалар оңтайлы, позитивті түрде әлеуметтенуіне, жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына басқа да жетістіктерге қол жеткізуге бөбекжай аясында мүмкіншіліктер бар екені және бұл дұрыс бағыт екендігі әбден байқалады. Олай болса кішкентай ғана шәкірттерімізге басқан қадамдары сәтті болсын деп тілей отыра, достарымен бақытты балалық шағын бірге өткізіп, бөбекжайымыздың іші шаттанып сыңғырлаған бала күлкісіне тола беруіне тілектеспіз.