«Ақмола облысы білім басқармасының  Жарқайың ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы Державин қаласының «Балдырған» бөбекжайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны  
Государственное коммунальное казенное предприятие «Ясли-сад «Балдырған» города Державинск при отделе образования по Жаркаинскому району управления образования Акмолинской области»  

СоцСети

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

«Мектепке дейінгі тәрбие беру үрдісінде инновациялық технологиялар арқылы халық педагогикасын тиімді пайдаланудағы жетістіктерім».

 «Мектепке дейінгі  тәрбие  беру үрдісінде инновациялық  технологиялар   арқылы   халық   педагогикасын   тиімді  пайдаланудағы жетістіктерім».

 

Қазіргі  заман  талабына  сай, жан - жақты  жетілген, 

бойында ұлттық  сана  мен  ұлттық  психология 

қалыптасқан,  имандылық әдебі  парасаты  бар 

ұрпақ  тәрбиелеу,  өсіру,  білім   беру  бүгінгі  таңда 

отбасының,  балабақшаның,  барша  елдің  халықтың міндеті.

Н.Ә.Назарбаев.

 

 Мектеп жасына дейінгі жеке тұлғаны тәрбиелеу бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген парасатты жас ұрпақты тәрбиелеу  -отбасының, балабақшаның барша елдің міндеті болып отыр. Бүгінгі еліміздің білім саласы жан-жақты, өресі кең шығармашыл тұлғаны қалыптастыруға бағытталған. Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интелллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде балабақшаның алатын орны ерекше зор екені белгілі. Сондықтан - да  балабақша өмірі балаға жаңа әлемнің  есігін ашып беріп, рухани –жан дүниесінің қалыптасуына негіз бола алады.  Балабақша - тәрбие, білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Балабақшада баланың  рухани  күш-қуаты мен ерік –жігерінің, шығармашылық қабілетінің, жалпы мүмкіндіктерінің ашылар кезеңі болып табылады. Сондықтан – да,  білім беру жүйесінде  педагогикалық  технологияны қолдану келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді,  шығармашыл  болуына  жағдай  жасау - әрбір  педагогтың  міндеті болып табылады.  Кез келген оқыту технологиясы   тәрбиешіден терең теориялық, психологиялық, педагогикалық әдістемелік білімді,  педагогикалық  шеберлікті  талап  етеді.  Балабақша: балаға  жан-жақты білім мен  тәрбие  беретін, ақыл-ойын дамытатын, қызығушылығын оятатын баланың екінші отбасы. Тәрбиенің нәтижесі отбасымен балабақша тығыз байланыста болса ғана, мағыналы болып жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелей аламыз. Осының негізінде біз тек баланы ғана емес, ата-ананы да жұмыстандырып, бірге тәрбиелеуіміз қажет. Қазіргі білім беру үрдісі өзгерді, саналы білім беруде жаңа көзқарастар пайда болды, және біздің алдымызға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осы міндеттердің бірі - білім берудің әдіс- тәсілдерін түрлендіріп,жетілдіріп отыру және жаңа иннавациялық білім технологиясын меңгеру. Мен  өзімнің  іс-тәжірибемде инновациялық  технологияларды     балалардың  жас  ерекшеліктеріне  сай  қолданып  келемін. Қазіргі уақытта ақпараттық-коммуникативті технологиялар мектепке дейінгі жастағы балаларға білім берудің ең тиімді құралы болып келе жатыр.  Менің  жеке  әдістемелік  тақырыбым «Халық  педагогикасы  арқылы  мектеп  жасына  дейінгі  балалардың  тілдік  қатынастарын  дамыту». Мектепке  дейінгі тәрбие беру мен оқыту кезеңінде халық педагогикасы  арқылы  ұлттық тәрбие беру-әр тәрбиеші үшін ұлағатты іс. Халқымыз тәрбиелеу мен оқыту ісін баланың неғұрлым жас кезінен бастау керек деген қағиданы жоғары қойған. Халық педагогикасы ата-бабаларымыздың  тәрбиеге  қатысты  ғасырлар қойнауынан сараланып жеткен  іс-тәжірибелерінің  жиынтығы  арқылы өзіміздің ана сүтімізбен енген  ана  тіліміз  отбасы мен балабақшалардан бастау алатыны сөзсіз. Халық педагогикасы – ұлттық тәжірибелер мен тағлымдардан тұратын бай қазына, өшпес өнеге, тәрбие өрнектері: жырлар, ертегілер, аңыздар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар, мақал-мәтелдік сөздер, ұлттық салт- дәстүрлер, рәсімдер, әдет-ғұрыптар, халықтық ойындар мен ойыншықтар жатады.  Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім- тәрбиенің белгілі жүйесінде мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеуде жас буынның жадына біртіндеп сіңіріп отыратын  арнаулы жолдар, тиісті тәсілдерді күнделікті  оқу-іс әрекеттерінде пайдаланып жүрмін. Ұлттық ойындарымыз балаларды жастайынан ептілікке, алғырлыққа тәрбиелейді. Осыған орай  қазақ халқының ағартушы педагогы М. Жұмабаев баланың ойыны туралы: «Баланың қиялы, әсіресе, ойында жарыққа шығады. Ойын балаға кәдімгідей бір жұмыс. Ойнағанда да бала әсерлерін пайдаланады. Айналасында  тұрмыста нені көрсе, соны істейді. Мысалы, қазақ баласы біреуі ат болып қашады, біреуі құрық салады. Шырпыларды тізіп-тізіп көш жасайды. Балшықтан мал, қуыршақтан қыз жасайды.»,-деп  ұлттық тұрмысымызға  сай  қазақ  баласының   психологиясын  танып  білді.  Менің балабақшада тәрбиеші мамандығым бойынша жұмыс істеп келе жатқаныма 11 жылдай уақыт болды. Осы жылдар ішінде балалармен жұмыс жасағанда ойын арқылы мына міндеттерді  шешуге  болатынын түсіндім. Балаларды психологиялық жағынан дайындауға, тәрбиеленушінің ойын арқылы белсенділігін арттыруға,  тілдік  материалды  бірнеше  рет қайталауға, тез және дұрыс жауап беруге, оқу іс-әрекетін қызықты өткізуге және ойын арқылы балалардың бір-бірімен қарым-қатынасын, ұйымшылдығын дамытуға болатынын өзімнің өмірлік іс-тәжірибемнен анықтадым.

         Халық ауыз әдебиеті өлең-жыр, тақпақ, жаңылтпаш, ертегі, мақал-мәтел, жұмбақтар, шешендік сөздер, тыйым сөздер, санамақтар сияқты түрлері жұмысымда өзекті орын алады. Ауыз әдебиетінің ішкі астарына терең үңіліп қарасақ, халықтың тәлім-тәрбиедегі санамақтарға тоқталсам санамақтар баланы тез санауға және де ауызекі есептерді тез үйренуге тәрбиелеген.     Санамақты халық негізінен жас балаға сан үйрету мағынасымен шығарған. Санамақтар әрі сан үйретеді, әрі дүние танытады, әрі баланы қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Қазіргі  таңда  менің  тобым І  кіші  топ болғандықтан  көбіне  санамақтарды  пайдаланамын.  Осы  санамақтарды  пайдалану  кезінде  байқағаным  бүлдіршіндердің  бір-бірімен  қарым-қатынасы  жақсара  түсті.  Көбіне  үндемей,  тілі  кеш  шығып  келе  жатқан  бүлдіршіндер  санамақтарды  қимылмен  қайталауға  тырысып   келеді.  Ата-аналар  тарапынан  да  санамақтарға  деген  қызығушылықтар  байқалып  келеді. Тобымда  Нұрмағанбет Динара  есімді  бала  балабақша  алғаш  келгенде  топта  үйренген  тақпақтарын  ата-анасына  айтпайтын,  қазіргі  кезде «Қуыр-қуыр, қуырмашты»  кешке  ата-анасына  айтып  бергенде  ата-анасы  таңқалыстарын  жасыра  алмады.  Сонымен  бірге «Төлдер» әнінде  кешке  ата-аналарына  қимылмен   жарыса  айтып  береді.  

      Еліміз тәуелсіздік алып, жаңаша өмір сүру жолына түскенде ең алдымен ата-баба дәстүрін жалғастырып, ұлттық тәрбиеге ден қойған тұста ой-пікірдің мөлдір бастауы саналатын ұлыларымыздың еңбектеріне үңілу бірінші кезекте тұрады.   Ұлтымыздың мақтанышы болған ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен, тәуелсіз ел екенімізді әр бала жанымен, жүрегімен сезіну керек.

      Балабақшада әдістемелік тақырыбым бойынша  «Халық педагогикасы арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың тілдік қатынастарын дамыту» тақырыбымда өзімнің жұмыс тәжірибемді ауданымызда өткен облыстық іс-тәжірибе тарату семинарында көрсетіп, озық тәжірибені таратып,  Ақмола  облысы  білім  басқармасының  оқу-әдістемелік  кабинетінің 04.09. 2018  жылғы № 38 бұйрығына  сәйкес педагогикалық  тәжірибені  жалпылау  туралы  №156  куәлік  берілді.  Осы жұмысымның  негізгі мақсаты - дені сау, рухы таза ,ойы жетік, шешен де шебер болашақ ұрпақты тәрбиелеу.  Осы әдістемелік тақырыбым негізінде мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда халық педагогикасын кеңінен пайдалана отырып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді кішкентайынан бала бойына сіңіру болып табылады. Сонымен қатар халық ауыз әдебиеті арқылы балалардың ой-өрісін, тіл байлығын дамытып қана қоймай,  үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеу.  Бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандар әрқашан өз істерін шығармашылық ізденіспен   жетілдіріп,   баланың отбасымен,  ата-аналарымен де тығыз жұмыс жасайды деп ойлаймын.

Бала  бойында  ұлттық  өнерге  деген  сүйіспеншілікті  арттыру  мақсатында  «Рухани  жаңғыру» аясында  өткізілген «Қазақшаңыз қалай,  балақай?» тәрбиешілер  арасындағы  аудандық   сайыста  «Ою ханның  оюлар  әлемі»  тақырыбында   ашық  сабақты жоғары деңгейде көрсеткенім үшін «Жаңашыл педагог» номинациясына ие болып, аудандық  «Білім  бөлімінің»  атынан   Грамотамен  марапатталдым. Осы ашық сабақты  Ақмола облысы білім басқармасының «облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастырылумен өткізілген «Педагогикалық идеялар панорамасы» бейне-сабақтар   облыстық   байқауында  «Танымдық сабақ» номинациясына ие болып,арнайы жүлдемен марапатталдым.       

        Қазақ  халқының   қаһарман  ұлы  Бауыржан  Момышұлы «Тіл  байлығы – елдің  елдігін, ғылыми  әдебиетін,  мәдениетін  қай  дәрежеде  екенін  көрсететін  мөлщері» - деп  тайға  таңба  басқандай анық  та  айқын көрсетіп  берген  болатын. Олай  болса тәуелсіздіктің   негізгі  тірегі – ұлттың  тілі,  діні,  ділі. Тәңірдің  адам  баласына жасаған  сыйы  да   - тіл, - десек,  қазіргі  өскелең  ұрпақ соны  сезінуі  керек. Қазақ  тілі – ұлтымыздың  өзіндік  бейнесін анықтайтын,  рухани  келбетін  көрсететін төлқұжаты  екенін  балалар  балабақша  қабырғасынан  сезініп,  түсінуі  керек. Бала  бойына  ұлттық  салт-дәстүр   мен  тілін  сіңіру  мақсатында  тілдер  мерекесіне  орай  ата-аналар  арасында «Жүзі  басқа – жүрегі  бір, Тілі  басқа – тілегі  бір» атты  тілдер мерекесіне арналған отбасылар арасындағы  мерекелік  кеш  ұйымдастырдым.  Кешке балабақшамызда  тәрбиеленіп  келе  жатқан  өзге  ұлт  өкілдерінің  бүлдіршіндері  ата-аналарымен  бірге  қатысып,  өз  ұлтының  салт-дәстүрі  мен ұлттық  өнері  жайлы  көрсете  білді.

        «Рухани жаңғыру; өткен, бүгінгі және болашақ ел» Бағдарламасы аясында ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Менің бақытты балалық шағым» атты аудандық сурет байқауына «Ақтиін» ересектер тобының тәрбиленушісі Болат Арнұрды  дайындап, қатыстырдым. Болат Арнұр  І орынға ие болып, балабақшамыздың мақтанышына айналды. Осы байқаудың ережесіне сай қатысушы бүлдіршіндер салған шығармашылық суреттерін бейне-сабақ ретінде суретті салып отырып, өзінің бақытты балалық шағын әңгімелеп айта отырып, өзінің отбасының суретін салып, бала тілімен өз ойын, бала арманын айта білді.  Осы байқауға І орын иелерін жоғары деңгейде дайындағаным  үшін марапатталдым. 

Сонымен қатар, ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймайды, олардың ұйымдастырушылық қабілеттерін де қалыптастырады. Ойын арқылы оқыту технологиясының мақсаты: дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық, әлеуметтендірушілік мақсатқа жету. Баланың  бойындағы білімділік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін  аша  түсу  мақсатында  ойын  арқылы  оқыту  технологиясын  педагог  барлық  топта да  үнемі  пайдаланып  отырғаны  жөн. Ойын технологиясының ерекшелігі:  ойындық іс-әрекеттің психологиялық механизмі жеке бастың өзіндік талап-талғамдарына сүйенеді. Ойын — балалар  үшін  оқу да, еңбек те.  Ойын айналадағы дүниені танудың тәсілі.  Ол  баланың жасына қарай өзін қоршаған ортаны танып білуге құштарлығын арттырады.  Мен  өз  сабақтарымда  интерактивті  папка – Лэпбукты  жиі  пайдаланамын.  Балалар  қолдарымен  ұстап  көру  арқылы  қызықты  ақпараттарды  алады.  мен  өз  тақырыбыма  сай  «Киіз үй»,   «Үй  жануарлары»  тақырыбына  лэпбуктар  дайындап,  пайдаланып  келемін.  Интерактивті  папканың  баланың  ой-өрісінің  дамуына  пайдасы  өте  зор. Осы  интерактивті  папканы  пайдалану  арқылы  байқағаным,  тілі  кеш  шығып  келе  жатқан  балалардың  сөйлеуіне  пайдасы  көп.  Лэпбук арқылы  бала  әрі  ойнайды,  әрі  өз  ойын  айта  біледі. Ауданымызда  мектепке  дейінгі  мекемелер  арасында   өткен  «Үздік  тәрбиеші - 2019»  аудандық  байқауында  «Киіз  үй»  сабағын  көрсетіп, интерактивті  папка – лэпбукты  пайдаландым. Балалар  киіз  үйдің  ішкі  құрылыстарын өздері  құрастырап,  айта  білді.   Осы  байқауда  жүлделі   І  орынға  ие  болдым.       Жобалы-іс шығармашылық технологиясында   балабақшада баламен педагог бірлесіп жүргізеді.   Яғни баланы тәрбиешімен бірге ізденуге,проблемалық іс-әрекетті жасай білуге үйрету, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Балалардың белсенділігін арттыру, оқу материалына  баланы қызықтыратындай мәселе тудыру, бала материалды сезім мүшелері  арқылы ғана қабылдап қоймайды, білімге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында меңгереді, бала оқытуды өмірмен және еңбекпен байланыстырады.  Менің  тобым  І  кіші  топ  болғандықтан жобалы-іс шығармашылық технологиясында  ата-аналармен  көбірек  жұмыс  жүргіземіз.  Қысқа  мерзімді  шығармашылық  бағыттағы  жұмыстарды  көбірек  жүргіземіз.  Осы  жобалы-іс шығармашылық  технологиясын  жиі  пайдалану  арқылы  ата-ана  мен  балабақша  арасындағы  байланыс  беки  түседі.

       Мектепке  дейінгі  мекемелерде білім  беру  үрдісінде  инновациялық  технологияларды  тиімді пайдалану тәрбиешіге тиімді, өйткені тәрбиеші жұмысының нәтижесі-қалыптасқан жеке тұлға, яғни өз ойын ашық еркін айта алатын тәрбиеленушіні қалыптастыру болып табылады. Біздің міндетіміз - балаға  жасырынып жатқан мүмкіндіктерін ашып көрсету. Кез-келген бала тәрбиешінің басшылығымен орындап шығармашылық жұмысының нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Егер бала бойындағы қабілетті тәрбиеші байқалмаса, ол бала басқа балалармен бірдей болып қалады. Сондықтанда әр баланың қабілетіне қабілетінің дамуына түрткі бола білу керек. Сабақты қызықты өткізу үшін тәрбиеші жаңа технологияларды тиімді пайдалана білсе,шығармашылық тұрғыдан ізденіс болса, сонда ғана жүйелі жұмыс жүргізіледі. Осы бағытта   инновациялық  технологияларды      пайдалану  арқылы  балалардың  тілін дамытуға   және  танымдық  көзқарастарын  ашуға  болатынын    ұқтық.  Инновациялық техноголияларды  тиімді  пайдалану арқылы  балалардың   логикалық   ойлаулары, танымдық белсенділіктері артады және әр баланың өз деңгейіне, қабілетіне  қарай  бағаланады. Инновациялық  технологияларды  білім  беру  үрдісінде  тиімді  пайдалана  отырып  байқағаным  балалардың  тілдік  қарым-қатынасы  12 %-дан 24 %-ға көтерілді.  Жыл  басына  қарағанда  бүлдіршіндерімін  қазақ  тілінде  жақсы  сөйлеп  келеді.  Ата-аналар  да  қазіргі  кезде  балалармен  тек  қазақ  тілінде  сөйлесуге  тырысады.  Қорыта  келе айтарым,  инновациялық  технологияларды    күнделікті  білім  беру   үрдісінде   пайдалану үшін,  тәрбиеші   өзінің   алдында   отырған   балалардың   жас   ерекшеліктерін   ескере отырып,  мақсат  – мүддесіне, өзінің  шеберлігіне, шығармашылық  ізденісіне,  өз мамандығына   деген  сүйіспеншілігіне   байланысты  тиімді  қолдана білсе ғана өз мақсатына   жетеді   деп   ойлаймын.   Бала өміріне немқұрайлы қарамай, балаға қазіргі заман талабына сай, мағыналы білім берсек қана, біздің бүлдіршіндеріміздің болашағы жарқан болмақ. Бала отбасында дұрыс тәрбие алса,тәрбиелеудің нәтижесі жоғары болмақ.  Аталған педагогикалық технологиялар мен инновациялық құралдар балабақшада  балалардың жас ерекшеліктерін ескерген, әр сатыға балалардың қабылдау мүмкіндіктерін ескерген жағдайда ғана пайдалануға болады. Мектепке дейінгі балалардың есте сақтау қабілеті әлсіз, қабылдау процестері тұрақсыз келеді. Сондықтан олар затты қолмен ұстап, көзімен көргенді ұнатады. Осыған сәйкес, мектепке дейінгі балалардың оқу   іс-әрекеттеріне инновациялық технологияларды  кеңінен қолданған жөн. Халық  педагогикасын  өз іс-тәжірибемде  пайдалана  отырып,  бойына  ұлттық  құндылықтарды  сіңіре  білген  ұрпақ  тәрбиелеп  шығаратыныма  сенімдімін. 

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер:

1)   Е.Қ.Балапанов, І.Мадияров. «Жаңа ақпараттық технологиялар» 2012ж.

2)   К.Ж.Бұзаубақова. «Жаңа педагогикалық технология» 2015ж.

3) «Білім  беру  жүйесіндегі  жаңаша  бағыттардың  тәжірибелік  негіздері»  Республикалық  ғылыми  жинақ  Алматы 2017ж

Жаңартылған күні: 30.04.2019 15:49
Құрылған күні: 30.04.2019 15:49

Текст